Зачаганск тұрғындарын қабылдау мақсатында ұйымдастырылған шараға Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков пен орынбасарлары, құрылымдық бөлімдер мен коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары қатысты.
Кенттегі А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектепте өткен «Ашық әкімдік» шарасына келген азаматтар өздерінің көкейде жүрген сауалдарын жолдап, шаһар басшысының және жауапты сала өкілдерінің қабылдауында болды. Бұл – жыл басынан бергі екінші «Ашық әкімдік» шарасы. Тұрғындар бұл жолы тұрғын үй, жол, көшелерді жарықтандыру, ауылдың тазалығы сынды әлеуметтік мәселелерді көтерді. Соның ішінде бірнеше күннен бері өртеніп, ауыл халқын түтінге тұншықтырған күл-қоқыс алаңындағы жағдай да сөз болды.
Қала әкімі Абат Абайұлы зашағандықтардың арыз-шағымдарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірқатар мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына тапсырма да жүктеді.
Зачаганск кенті әкімінің орынбасары Нұрболат Мұхитовтың айтуынша, елді мекенде 60 мыңға жуық халық қоныстанған. Бұл – Орал қаласы бойынша тұрғындар ең көп шоғырланған елді мекен санатындағы ауыл.
– Кентте биыл тоғыз көпқабатты тұрғын үй салынып, соның бесеуі пайдалануға берілді. Жол мәселесіне келсек, «Балауса» шағынауданында жолдың екінші қабаты төселуде. №6 қалалық емхана жанынан, Брусиловский және А.Байтұрсынов көшелерінде жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Ал Мөңкеұлы көшесін толықтай жарықтандырдық. Жоспарланған жұмыстар одан әрі өз жалғасын табады. «Сарытау» шағынауданына салынатын жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталуда, – деді Нұрболат Абайұлы.
Зачаганск кентіндегі тағы бір өзекті мәселе – үш ауысыммен жұмыс жасайтын мектептер жайы. Атап айтқанда, мұндағы №20, А.Байтұрсынов атындағы №10 және 47 орта мектептердің оқушылары үш ауысыммен білім алуда. Бұл мәселені шешу бағытында кентте 900 орындық №52 орта мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.
«Ашық әкімдік» шарасы аясындағы қабылдау ертең Деркөл елді мекенінде, одан әрі қаланың өзге де шет аумақтары мен шағынаудандарда жалғасатын болады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Абат ШЫНЫБЕКОВ, қала әкімі: – Тұрғындарды қабылдау барысында елді мекенді абаттандыру, жаңа тұрғын үйлерге салынатын жолдар, жанып жатқан күл-қоқыс полигонының мәселелері қозғалды. Азаматтардың жолдарға байланысты ұсыныстарын алдағы жоспарлы іс-шараларымызға қосатын боламыз. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жалғастырамыз. Сондай-ақ А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектепке оқушыларды тасымалдайтын автобустардың ескі екені айтылды. Бұл мәселені бюджетіміздің мүмкіндігіне қарай шешуді қарастырамыз.
Гүлшат БАРАКОВА, кент тұрғыны: – Бүгінгі азаматтарды қабылдау шарасына жол және жарықтандыру мәселесімен келдім. «Балауса» шағынаудандағы біз тұратын көшеде жарық жоқ. Оның үстіне үлкен трассаға шығатын жол да қарастырылмаған. Жауын-шашынды мезгілде мектепке баратын балаларға қиын. Қала әкімі көшемізді жарықтандыру жұмысына байланысты ұсынысымыз шешімін табатынын жеткізді. Ал жолға төсеуге ескі асфальт жабыны берілетінін айтты.