Кеңес жұмысын жандандыруды ұсынды

Бүгін «BASTAU» коворкинг орталығында «STUDUNION» Батыс Қазақстан облысының студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының кеңесі өтті.

 Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Орал студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырған кеңес отырысына қаламыздағы төрт жоғарғы оқу орнының студенттік ректорлары мен жоғары және арнаулы білім беретін 21 колледждің өзін-өзі басқару ұйымдарының басшылары, белсенді суденттер жиналды.

«STUDUNION» кеңесі студенттердің әлеуметтік-маңызды бастамаларын іске асыру, жастардың өзін-өзі  басқару жүйесін дамыту, жаңа идеяларды ортаға салу, жоғарғы оқу орны мен колледж суденттері арасында достық қарым-қатынасты нығайту бағытында қаламыздағы барлық студенттерді бір ортаға бейімдеуді мақсат етеді.

Кеңес отырысы «Орал студенттер Альянсы» көшбасшысы Мұса Кунеевтің күн тәртібін түсіндіруімен бастау алды. Кейін «STUDUNION» БҚО студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары кеңесінің төрағасы Самат Рахымғалиев аталмыш кеңестің жоспарларын түсіндіріп өтті. Ол сөзінде: – Алдағы уақытта кеңестің негізгі бағыты бойынша көптеген шаралар жүзеге аспақ.  Соның бірі —  қазан айында өтетін «STUDUNION» өзін-өзі басқару ұйымдарының кеңесінің форумы. Мұнда жастарға әр түрлі мотивациялық, білікті арттыруға арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылады,- деді.

Шара барысында Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Әділгерей Зұлхаров кеңеске жиналғандардан 2019-2020 оқу жылына  нақты ұсыныстар болуын талап етіп, әр ұсынысқа қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Ол жастарды бір арнаға тоғыстырып, қоғамдық өмірге араластыруды көздейтін кеңесті жандандыруды қолға алуды бүгіннен бастау керектігін айтты.

Кеңеске қатысушылар 2019 жылғы 2 қыркүйектегі ҚР Президенті Жолдауының жүзеге асуының негізгі тетіктерін айтып, ойларын ортаға салды. Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық универитетінің  жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Жамбыл Абдуалиев достық қарым-қатынасты жандандыру мақсатында пікірталас, яғни дебат ойындарын өткізуді, ал  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Айбарша Түмен облысымыздағы робототехника саласына қызығушылығы бар жастарға арнап клуб құрылса деген ұсынысын жолдады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

 

                               

 

 

 

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *