БҚО Тасқала ауданының прокуратурасы жер пайдаланушылардың салық төлеуін талдап, салық салу объектісі ретінде есепке алынбаған жалпы алаңы 111505 гектарды құрайтын 145 жер телімін анықтады деп хабарлайды облыс прокуратурасы.
Жер кодексінің 65-бабына сәйкес жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге міндетті.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің 498-бабына сай жеке меншiк құқығында; тұрақты жер пайдалану құқығында; бастапқы өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығында салық салу объектiлерi бар тұлғалар жер салығын төлеушiлер болып табылады.
Жергілікті атқарушы және мемлекеттік кірістер органдарының арасында тиісті өзара іс-қимылдың болмауынан 2014-2017 жылдары жер учаскелерін алған жер пайдаланушылар оларды Мемлекеттік кірістер басқармасында тіркемеген, бұл өз кезегінде жер салығының есептелмеуіне және төленбеуіне алып келді.
Мысалы, «И» шаруа қожалығы төрт жыл бойы есебінде 1313 га-ды құрайтын жерді көрсетпей, тек 20 мың теңге жер салығын төлеген. Ескертуден кейін қожалық басшысы қосымша есептелген 90 мың теңге салықты төледі. 2016 жылдан бері салық салу объектісі ретінде «Д» шаруа қожалығына берілген 3000 га жер телімі есепке алынбаған. Бұл мәлімет анықталғаннан кейін ғана меншік иесі бюджетке жерді пайдаланғаны үшін 43 мың теңге және 21 мың теңге салық төледі. Ал «К» шаруа қожалығының пайдалануында 3319 гектар жер болғанымен, ол бірнеше жыл тек 2211 гектар жерге 147 мың теңге салық төлеген. Оған 80 мың теңге салық салынып, толығымен төленді.
Қадағалау актісі бойынша аудан әкімдігі мен мемлекеттік кірістер басқармасымен салық салу объектісі ретінде танылған жер телімдерін есепке алу бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ бюджетке 2 млн. теңге салық өндірілді. Сонымен қатар, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«PULS» ақпарат