28 тамыздан бастап пойызда темекі шегуге тыйым салынады

Елімізде 28 тамыздан бастап жолаушылар пойызында шылым шегуге тыйым салынады. Бұл туралы бүгін баспасөз мәжілісінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры Едіге Мыханов айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Жолаушылар тасымалдайтын пойыздарда темекі шегуге тыйым салу туралы заң бұған дейін қабылданған. Енді, 2019 жылдың 28 тамызында өз күшіне енеді. Осыған дейін тамбурда шылым шегуге рұқсат беріліп келген. Арыз-шағымның көбеюіне байланысты мүлдем темекі шегу тоқтатылады» – дейді Едіге Мыханов. Айтуынша, темекі шеккісі келетін жолаушы пойыз тоқтағанда арнайы орындарға баруы тиіс.

«Егер жолаушы темекінің иісін сезсе, онда арнайы байланыс телефондарына (1433) хабарласуына болады. Ал Тальго пойыздары герметикалық материалдан жасалған. Сондықтан темекінің исі барлық купеге таралуы мүмкін. Осындай сәтте хабарласып, шағым түсіруге мүмкіндіктері бар» – дейді атқарушы директор.

Тәртіп бұзылған жағдайда, акт толтырылып, желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері шақырылады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 571-бабы бойынша бес АЕК көлемінде (12 625 теңге) айыппұл салынады.

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *