Шетел әдебиетін қазақша сөйлеткен

Бүгін М.Горький атындағы орталық қалалық кітапханада «Жалынды жастар – болашаққа жол бастар» атты жас аудармашы Аяжан Калиоллинамен кездесу кеші өтті.

Әлем әдебиетін төл тілімізде сөйлеткен жерлесіміздің бұл бағытты таңдауына №19 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Алтын Жұмағалиева ықпал еткен. Шет елдің көркем әдебиетінің сырына қанық болып, оны қазақ тілінде тәржімалаған Аяжан – республика бойынша жалпы орта білім беретін мектептер арасынан шыққан алғашқы  жас аудармашы.

Аяжан Ардаққызы – қаламыздағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің биылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері. Мектеп қабырғасынан-ақ біраз биік белестерді бағындырған талантты жас мемлекеттік білім грантына қол жеткізіп, қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Шығыстану» факультетінің студенті атанып отыр. Ол – республикалық, облыстық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпазы.

Аяжан тоғызыншы сыныпта оқыған жылы «Магнолия кварталы» атты ағылшындық балалар жазушысы Элизавет Стаклидің шығармасын алғаш шет тілден қазақ тіліне аударып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Болашақта аударма ісінің шебері атанамын деген 18 жастағы бойжеткен мұнан кейін «Оливер Твисттің бастан кешкен оқиғалары» және «Лондон өмірі» атты екі кітапты төл тілімізде жарыққа шығарды. Кеш барысында Аяжан шығармаларды тәржімалау кезінде көмегін аямаған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алмагүл Мұрадымоваға алғысын білдірді.

– Аударма ісіне деген қызығушылығым 9-сыныпта оянды. Содан нақты нақты шешім қабылдап, аударма ісімен айналыстым. Ешқандай орталықтың көмегіне жүгінбей, өз күшіммен ағылшын тілін меңгердім. Болашақта университет қабырғасында ғылыми бағыттағы кітаптарды төл тілімізге аударып бастасам деген жоспарым, – деді кейіпкер.

Кездесу кешіне кітапхана оқырмандарынан бөлек, жас ақын Аида Жантурина мен Аяжанның ұстаздары, туыстары, достары жиналды.

«Жастар жылы» аясында өскелең ұрпаққа үлгі болатын іс жасап, кітап оқу арқылы армандарын шындыққа айналдыруға болатындығын дәлелдеп, республика бойынша Назарбаев зияткерлік мектебі түлектерінен кейінгі төртінші болып аударма ісін жандандырған талантты жастың бұл бастамасы көңіл қуантады.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *