Арыс балалары Оралға демалуға келді

Батыс Қазақстан облыстық «Дарын» қосымша білім орталығындағы жазғы лагерьдің кезекті ауысымына жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының және РФ Самара облысынан «Ақ жол» аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының оқушылары демалуға келді.

Сонымен қатар лагерьде өңіріміздегі орта жалпы білім беретін мектептердің 4-10-сынып оқушылары демалуда. Бұл жолғы лагерь кезеңі «Үш тұғырлы тіл» тақырыбына арналыпты.

Облыстық білім басқармасының қолдауымен «Дарын» қосымша білім орталығы ұйымдастырған жазғы лагерьдің ашылу салтанатына облыстық Қазақстан халық Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен БҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Габдушев қатысты. Олар оқушылардың демалыс күндерін жақсы өткізулеріне, көптеген достар табуларына тілектестік білдірді. Түркістан облысының Арыс қаласының оқушылары мен Ресейден келген қаракөз қазақ балаларына Ақ Жайықтағы Орал шаһары – көне әрі тарихи қала, ал халқы қонақжай екені айтылды.

Салтанатты шарада топтарға бөлінген демалушылар өздерін таныстырып өтті. Бұдан әрі шағын концерттік бағдарлама ұсынылды.

«Дарын» қосымша білім орталығының директоры Гүлсім Дүйсенғалиеваның айтуынша, мұнда оқушылар төрт ауысымда демалады. – Жазғы демалыста қосымша білім орталығына білімді де білікті ұл-қыздарды тарту көзделгендіктен, мұнда оқу-жаттығулары қоса жүргізіледі. Белгілі бір тақырып аясында өткізілетін әр маусымда 100-ден астам бала демалады. Осы маусымда облыс әкімдігінің қолдауымен Арыста болған төтенше жағдайға байланысты 6-12 жас аралығындағы елу баланы Оралда тегін демалуға алдырттық. Сонымен қатар Ресейдің Самара облысындағы қазақ диаспорасы жанұяларының ұл-қыздары келді. Олардың бұл сапары Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы мен «Ақ жол» атты қазақ диаспорасының арасында жасалған арнайы келісімшарт аясында жүзеге асырылды, – деді Гүлсім Ғабдулғазизқызы.

Бесінші сынып оқушысы Әбділғани Көркем Оралға Арыс қаласынан келген екен. – Лагерь қатты ұнап жатыр. Осында келгелі көп достар таптым. Әсіресе, маған Оралдың табиғаты қатты ұнады. Ауасы таза, қаласы әдемі, ағаштары көп, – дейді өзінің алғашқы әсерлерімен бөліскен кішкентай Көркем.

Он күн «Дарын» орталығында демалатын оқушылар арнайы жасақталған бағдарлама аясында қаламыздағы тарихи, мәдени орындарға, спорттық нысандарға, театрларға, өндіріс орындарына саяхаттап, өз уақыттарын тиімді өткізетін болады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *