Қала құрметтілері марапатталды

Елорда мерекесіне орай Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев шаһарымыздағы ғана емес, еліміздегі елеулі оқиғаларға өз үлесін қосқан оралдық бірқатар азаматтарды марапаттады. Бұл күні «Орал қаласының құрметті азаматтарының» қатары да толықты.

Қала активіне жиналғандарды Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесімен құттықтаған шаһар басшысы Мұрат Рахметұлы:

– Елордамыз бүгінде бүкіл елді алға жетелеп, Қазақстанның басты брендіне айналып үлгерді. Салтанатты шаһардың небары 21 жыл ішінде халықаралық аренада беделі артып, төрткүл дүние тамсанған мекенге айналуы – Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі, – деп, өз бағасын берді. Қала әкімі өз сөзінде Елорда төрінде өткен басты іс-шараларға, ортақ жетістіктерімізге тоқталып, Сарыарқа төріндегі сәнді ордаға қарап бой түзеген Орал шаһарында да елеулі істер атқарылғанын жеткізді. «Жасыл қала», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары шеңберінде жасалған жұмыстардың нәтижесінде қаламыздың көркейіп, даму үстінде екенін айтты.

Салтанатты шара барысында Ұл Отан соғысының ардагерлері Меңжан Әбдірахманов пен Вениамин Скаленкоға, еңбек ардагері Бәтес Исмағұловаға, жеке кәсіпкерлер Сағын Құрманов пен Валерий Голоуховқа «Орал қаласының құрметті азаматы» наградалары тапсырылды. Сондай-ақ Елбасының атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасын жүзеге асыруға, Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетуге, қаладағы апатты жағдайда істен шыққан су құбырын қалпына келтіруге, ауыз сусыз қалған ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды уақтылы сумен қамтамасыз етуге белсенді үлес қосқан оралдықтар облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ләззат ҚАЖЫМ       

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *