Тазалық шарасына атсалысуға шақырды

Оралда облыс әкімінің тапсырмасымен ағымдағы жылдың 30 наурызы мен 18 мамыры аралығында тазалық айлығы жарияланды. Бүгін қаладағы кәсіпкерлік нысандарының, мекеме-ұйымдардың басшылары мен ПИК жетекшілерін жинаған қала әкімі Мұрат Мұқаев оларды аталған шараға белсенді атсалысуға үндеді.

«Орал қаласы — еліміздегі экологиялық таза қалалардың бірі. Көптеген қонақтарымыз өңірдің таза ауасы мен жасыл желекті табиғатына ерекше тамсанатыны жасырын емес. Елбасының өзі Оралдың экологиялық тазалығына жоғары бағасын берген болатын. Жыл сайын осындай маусымда сенбіліктер ұйымдастыру дәстүрге айналды. Қазір қар жақсы еруде. Толыққанды тазалық жүргізуге мүмкіндік бар. Бірінші кезекте қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға мән беруіміз керек. Меншік түріне қарамастан барлық мекемелерді қала тазалығына атсалысуға шақырамын», — деді шаһар басшысы Мұрат Мұқаев.

Атап өткендей, сенбілік шарасын жүргізуге мемлекеттік ұйымдар, коммуналдық мекемелермен қатар өнеркәсіп, өндіріс, құрылыс кәсіпорындары мен сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары және банктер де жұмылдырылады. Жиын барысында осы салаларға бекітілген тазалау аймақтары таныстырылды. Оған қоса әрқайсысы өздерінің нысандарына тиесілі аумақтың тазалығына жауапты. ҚР «Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы» Заңының қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру туралы 505-бабына сәйкес, тазалыққа жауапсыз қарағандар ескертуден бастап, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

«Ортақ мекеніміздің келбетін жақсарту мақсатындағы жұмыстар да жүйелі атқарылуда. Жолдар жөнделіп, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Биыл мемлекет бюджеті есебінен 10 мың көшет отырғызылады. Бұл іске жеке субъектілер де үлес қосып, өз ғимараттарының маңын көгалдандыруы керек. Нысанның қасбетін жарықтандыру да маңызды», — деді Мұрат Рахметұлы.

Жиынға қатысушылар өз кезегінде ұсыныстарын ортаға салып, санитарлық тазалау айлығына белсене қатысатындарын жеткізді.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *