Наурыз — нағыз халықтық мейрам!

Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Г.Шукеева Наурыз мейрамына арналған мәдени-көпшілік шара бойынша мәлімет берді.

Наурыз мейрамы бүкіл ұлтты біріктірудегі маңызы зор мереке, Әз-Наурыздың шеңберіне — ұлтымыздың  болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәдени, тарихи мұрасын сыйғызуға болады.

Мемлекет басшымыз Қ.К. Тоқаев «Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Яғни, Әз Наурыз – нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттер  осы ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз – ата жолын жалғаған жұртпыз» — деп Наурыздың идеологиялық рөлін атап кеткен болатын.

Көп жылдан кейін ұмытылған мерекеміз,             1988 жылы Наурыз мерекесі қайта жанданды, кейін оның мазмұны мен форматы қалпына келтірілді.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Ұлы далада жаңа жылды тойлау 8-9 күнге жалғасып, оны «Наурызнама» деп атаған. Наурызнама туралы деректер Махмуд Қашғари, Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтің және басқалардың еңбегінде кездеседі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылда «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген ауқымды сұхбатында «Жаңа жыл  — әрине, күнтізбені жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған.  Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз — Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам -тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» — деді.

Осыған орай, биыл Наурыз мейрамын атап өту үшін жаңа тұжырымдама  ұсынылуда – НАУРЫЗНАМА – 10 күндік шаралар кестесі!

БІРІНШІ.Мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші рөлін арттыру мақсатында бірыңғай Логотипі бекітілді.

Наурыздың бірыңғай логотипі – үш қызғалдақ арқылы бейнеленген, 3 — қазақ халқы үшін қасиетті ұғым. Бұл көшпенді халықтың  дүниетанымына, оның әлемдік құрылысқа деген ерекше көзқарасына байланысты.

«Үш» саны қазақ үшін қасиетті саналады: үш жұрт,үш ғайып,үш қуат т.б.Түркі мифологиясында әлем бәйтерегі үш бөліктен тұрады — тамыр, діңгек және жапырақ.

ЕКІНШІ.Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялап,  әр күн — белгілі бір тақырыпқа арнау ұсынылды.

14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі».

Президенттің былтырғы «Көрісу» күнін құттықтауында жұртшылық жылы қабылдады және мерекені атап өтудің ауқымын айтарлықтай кеңейтті.

Сол күні Атырау қаласында өтетін Ұлттық құрылтай отырысы өтеді. Ауызашар беріледі.

14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымын ұйымдастыру қарастыру жоспарланып отыр.

15 наурыз – Қайырымдылық. Бұл күнді қайырымдылық, мейірім мен тату көршілік тақырыбына арнауды ұсынамыз.

Бұл күні «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту корпоративті қоры тарапынан әлеуметтік игі істер марафоны ұйымдастырылып, басына іс түскен азаматтарға нақты көмек беріледі.

Өңірлерде мұқтаж жандарға жеңілдетілген және әлеуметтік баспана кілттерін тапсыру, қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, жетім балаларға арналған мекемелер мен көпбалалы отбасыларға арнайы барып, мерекемен құттықтау ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, айрықша көзге түскен меценаттарды, қайырымдылық ұйымдарының басшылары мен еріктілерді марапаттауға арналған салтанатты шаралар өтеді.

Биыл Наурыз мейрамы мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазанға тұспа -тұс келеді. Осы орайда Президент атынан дәстүрлі ауызашар өткізіледі.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша дәстүрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Республика кинотеатрлары мен кинозалдарында ұлттық кино апталығы ұйымдастырылады. Телеарналар эфирінде «Наурызнама» республикалық айтысы көрсетіледі. БАҚ-та шығармашылық зиялы қауымның тақырыптық сұхбаттары жарияланады. Халық қолөнершілерінің жәрмеңкелері, ұлттық тағамдар фестивальдері, сондай-ақ, барлық қоғамдық тамақтану және сауда ұйымдарында ұлттық өнімдер мен тәттілер бар арнайы бөлімдер орнатылады.

17 наурыз – Шаңырақ. Бұл күнді отбасы құндылықтарын дәріптеуге арнау ұсынылады.

Еліміз бойынша ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар «Наурыз бата» береді, жас жұбайларға, елге бақ-береке тілейді.

Барлық елді мекендерде 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты байқаулар ұйымдастырылады, АХАЖ бөлімдерінде жас жұбайлармен жұмыс ұйымдастыру қажет. Байқау жеңімпаздары «Адал азамат» құндылықтарын бойына сіңірген өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасылар болуы шарт.

Балаларға арналған мерекелік дәстүрді бекітуге арнайы көңіл бөлуді ұсынамыз.

Атап айтқанда, әкімдіктер желісі бойынша жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтарын табыстап, құттықтау ұйымдастыру ұсынылады. Сондай-ақ, Наурыз логотипі бар естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді табыстай отырып, түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық іс-шараларды өткізуді осы күнге орайластыруға болады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде ұлттық киімдерді танымал етуге және сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдерін өткізуге ерекше назар аудару ұсынылады.

Мерекелік атмосфераны құруға мейрамға арнайы орайластырылған ұлттық костюм күндері ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ, атаулы күннің тақырыбымен ерекше ұлттық сәнді дәріптеу үшін танымал мәдениет қайраткерлерінің, әртістердің, спортшылардың, блогерлердің және т.б. қатысуымен «Ұлттық киім күні» тақырыптық челленджін бастау ұсынылады.

19 наурыз – Жаңару. 2019 жылы дәл осы күн еліміздің жаңа тарихында мемлекет пен қоғамда түбірлі өзгерістер басталған бетбұрысты сәтке айналды.

Осы орайда, Президенттің қатысуымен көктемгі ағаш егу дәстүрін өткізіп, оны қоғамдық санаға жаңа саяси мәдениетті сіңірумен байланыстыру және оған «жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» деген мән беріп, негіздеу ұсынылады.

20 наурыз – Ұлттық спорт. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу), құсбегілік  және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту т.б. турнирлері қарапайым азаматтардың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді.

Ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылықтың артуын, сондай-ақ, биыл өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңыздылығын ескере отырып, бәйгеден Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы арнайы сыйлығын тағайындау ұсынылады.

21 наурыз – Ынтымақ.Бұл күннің символдық және біріктіруші мәні – Президенттің қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен бейне құттықтауы болады.

Бұдан әрі күн тәртібін жалпыұлттық телемарафон жалғастырады. Оның аясында барлық өңір тұрғындарының, соның ішінде шетелде тұратын қандастардың құттықтау мерекелік эстафетасын тікелей эфирде іске қосу жоспарлануда.

Сондай-ақ, 21 наурызда Астана қаласында Президенттің қатысуымен «EXPO» халықаралық көрме орталығында орналасқан этноауыл  ұйымдастырылады.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні мерекелік атмосфераны жасауға бұқаралық іс-шаралар мен халықтық мерекелер ықпал етеді. Барлық жерде стильді этноауылдар мен мерекелік жәрмеңкелер өз жұмысын бастайды.

Бұған қоса, әр қалада, әр ауылда «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды үй», «Ең таза подъезд», «Наурыз стилімен безендірілген ең әдемі көше» т.б. халықтық байқаулар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталады.

23 наурыз – Тазару. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізу ұсынылады.

Өңірлер арасында «Тазалық эстафетасын» бастап, суат көздерін, аулаларды қардан және қоқыстан, оның ішінде мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазалау іс-шаралары ұйымдастырылады.

Бекітілген НАУРЫЗ логотипін ақпараттық-жарнама, имидждік материалдарда кеңінен қолдану ұсынылады, Логотипті кәсіпкерлерге, БАҚ-қа кеңінен тарату қажет (көшедегі LED-экрандар, баннерлер, ыдыс, ұялы телефондарда, бейсболка, футболка, көліктерде, сумкаларда, дәптерлерде т.б.).

Сауда үйлерінде ұлттық тағам сататын орын ашу ұсынылады (бауырсақ, көже,құрт, жент, тары-талқан және т.б.).

НАУРЫЗНАМА тұжырымдамасына сәйкес, ақпараттық жұмысты ұйымдастыру, өткізілетін шаралар, бекітілген ЛОГОТИП ақпараттық кеңістікте, әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуы қажет.

ЛОГОТИПТІ пайдалана отырып ғимараттарды, көшелерді, аулаларды, подъездерді, отырған кабинеттерді безендіру керек. Интернет желісі мен әлеуметтік желілерде жалпы НАУРЫЗНАМАҒА қатысты материалдар #nauryznamabqo хэштегімен жариялану қажет.

Осы тұжырымдаманы мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыда жоғары деңгейде жүзеге асыруға қажетті шаралар қабылдау қажет екенін хабарлаймыз.

Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және телекөрермен!

Наурыздың 10 күндігін тойлауда жалпы халық болып атсалысуыңызды сұраймын.

Наурызнаманың басты миссиясы – халқымыз ықылым заманнан бергі даңқты өткені, киелі шежіресі, жасампаз өмір салты елестеп, әрқайсымыздың бойымызға рух беріп, өз халқымызға деген сүйіспеншілік сезіміне жетелеуі тиіс. Наурызнаманың жат идеологиялар мен теріс пиғылды ағымдардан қорғайтын ұлттық иммунитетіміздің қалқаны, алынбас қамалы болуы керек.

Қазақстандықтар үшін Наурыз-айрықша мейрам. Бұл күн қыстың сәтті аяқталып, барша еліміз жаңаша кейіпке енетін көгілдір көктемнің келгенін білдіреді.

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін.

Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын.

Ақ мол, жыл ырысты болсын!

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *