«Ұстаз аты – мәңгілік, жадымда тұрар жаңғырып…»

Осынау атаумен 2023 жылғы 22 желтоқсан күні Ж.Досмұхамедов атыңдағы жоғары педагогикалық колледждің педагогика және психология кафедра оқытушыларының ұйымдастыруымен ардақты ұстаз Нұрашева Гүлнар Сырымқызын еске алу шарасы  өтті.

Сол бір күнгі қайғылы оқиға дүйім жұртты шошытты… Айдын күннің аманында тапа-тал түсте жайбарақат қаланың қақ ортасында кетіп бара жатқан Гүлнар Сырымқызының басына үйдің төбесіндегі бір тас құлап, кенеттен мерт болған еді. Кеше ғана көз алдымызда жүрген ардақты ұстаз, білікті маман, үлгілі топ жетекші, кәсіби әдіскер, талапшыл басшы орынбасары бүгін жоқ… Сұм тағдыр, сұм ажал…

Ол кісі туралы жазар болсақ, парақ  жетпейтін шығар, сірә?!

Аяулы ару, ақылшы апа, ұлағатты ұстаз, жаңашыл адам – осы теңеулердің барлығы да Гүлнар Сырымқызына арналғандай. Ол кісінің білім саласына сіңірген еңбегі зор. Әсіресе көп жылдар бойы еңбек еткен Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық  колледжінде ойып тұрып алатын орны бар. Оның өмір жолы – еңбек жолы. Талай дарын иелерін шыңдаған, талай білім бәйгесінен бас жүлдені қанжығаға байлата білген өз ісінің шебері еді.

Шара колледж директоры Кайрлиева Алтынгүл Жақсығұлқызының алғы сөзінен басталып, ардақты ұстаз, білікті маман, үлгілі топ жетекші, кәсіби әдіскер, талапшыл басшы орынбасары қызметтерін атқарған  Гүлнар Сырымқызының өнегеге толы өмір жолы мен  жаңашыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары ерекше тұлғаның біліктілігі мен беделі, ғылым жолындағы биіктігі, қабілет-қарымы, түрлі марапаттары бейнеленген бейне материал көрсетілді.

Бұл шараға Гүлнар Сырымқызының бауырлары, достары, әріптестері, ұстаздары мен шәкірттері қатысып, қимастықпен әдемі естеліктерін айтты. Бір кітап болатындай ірі дүниелер айтылды.

Дана ұстаз апамыз тірі болса, 23 желтоқсан күні 50 жасқа толар еді. Өкінішке орай, оны тек сағынышпен еске алудан басқа амал жоқ.

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

«Ұстаз деген атыңыз – мәңгілік, жадымызда тұрар жаңғырып…»

Сіздің есіміңіз біздің есімізде мәңгі сақталады.

Студенттердің ұстазға арнаулары

3 апКШИ  тобының студенті Рахымғалиұлы Данияр

Ардақты ұстаз білімің дамыған кең

Әрбір айтқан ақылыңнан дарыған ем

Жүрек қозғап жыр жазды өзіңізге

Амал қанша оралмайсыз сағынғанмен

Талапшыл жан талабымен асты таудан

Қанша еңбек жетістікпен өтті есіп

Қанша аймақ, қанша ауыл, қанша аудан

Жақсы ізді салдырған қалды десіп

Көну басқа,өмірде сену басқа

Ауыр ауыр сынақтарды жеңу басқа

Тәжірибе, жетістік, алады адам

Бірақ таза білімді беру басқа

Таза дүние, әділ жан қалды демең

Дана ұстаз бәріне болдың бейім

Сұм қатердің әрекеті айтпай келіп

50 ге сәл жеткізбей кетті ау деймін

Күндер қанша өтседе алабұртқан

Талайларды таң қалдырған сыни ойлау жүйесі

Сана илеп дара жұрттан

Ұстазым ау нағыз білім иесі

2апКШК тобының студенті Салимова Жаннұр

 Гүлнар апай, құрметті де ардақты,

Бар өмірін ұстаздыққа арнапты.

Білім беріп, әр шәкіртке жан — жақты,

Сара жолды бір ізбенен жалғапты.

Нұрлы бейнеңіздентаң  шапағы сезіліп.

Жанарыңыздан отты  ұшқын төгіліп,

Бақытты кез балғын шақта ән салған.

Бауырым деп, ет жүрегі езіліп.

Талай дарын иелерін шыңдаған,

Бәйгелерден бас жүлдені байлаған.

Мақтанышы ұлы орданың, киелі,

Тыным таппай, ел дамуын ойлаған.

Қызым деп, мейірімін төгетін,

Жан шуағын нұрлы күндей себетін.

Бірден біліп студенттер дарынын,

Қолындағы барын бізге беретін.

Тыңдарманға үлгі болған үнімен,

Жүректе тұр жарқылдаған жырымен.

Шәкірттерде мәңгі сізді қимайды,

Бас иеді ұлы ұстаз алдында.

Сахипова Ж.М.

Ж.Досмұхамедов атыңдағы жоғары педагогикалық колледж

 педагогика және психология кафедраоқытушысы,

Доскалиева Н.К.

Қазақ тілі  мен әдебиеті кафедра оқытушысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *