Ұлттық тәрбие — ұлт болашағы!

«Кезекті тамыз мәслихатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласын жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалармен қатар ұрпақ тәрбиесі мәселесіне де баса назар аударды. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болатынын баса айтқан ел Президенті ұстаздар алдында тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы ғана берілетінін сөз еткен еді. Әсіресе, ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиында дәл осы мәселенің көтерілуі көңілге бір серпін бергендей болды. Себебі, оқушылар арасында қаншама мәдени, тәрбиелік шаралар көптеп ұйымдастырылғанымен ұлттық тәрбие мәселесі әрдайым өзекті тұратын.  Қоғам алдында тұрған ең жауапты міндеттің бірі  де осы.

Тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын  жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында ұлттық, адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – оларды рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыруда жатыр. Қыз бала тәрбиесіне де атсүті қарамай оларды имандылық, ибалық, адамгершілік қасиетке баулитын шаралар біздің колледжде  ұйымдастырылып келеді. Әр түрлі үйірмелер де көптеген жылдардан бері  тиянақты жұмыс жасап тұр.

Қазақ елінің әлемдік кеңістікке өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі.  Ұлттық тәрбие – ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Ұлттық тәрбиенің мақсаты – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы азаматтық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу.

Ал ұлттық тәрбиенің қайнар көздері фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрпы, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, өнеге өсиеті бар мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламаларымыздың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары . Сонымен бірге отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік парыз бен қарыз, ұлттық намыс, ұлттық сана сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік сынды тағы басқа сапалық ұлттық тәрбиенің негізгі көрінісі болып табылады. Одан басқа жаһандану жағдайындағы ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті, толеранттық-төзімділік қасиеттер де ұлттық тәрбие дәрістерінде көрініс табуы тиіс деп ойлаймыз.​

Біздің Жаһанша жоғарғы педагогикалық колледжінде студенттер арасында белсенді азаматтық позицияны қалыптастыру және патриоттық тәрбие беру, студенттік ұйымдардың жұмыстарын ұйымдастыру, жастардың арасында ұлтаралық келісімді нығайту жұмысы, студенттердің арасында салауатты өмір салты мен дене шынықтыру мәдениетін насихаттау, мәдени-бұқаралық шараларға қатысу, ағартушылық шараларды өткізу сияқты жұмыстар бойынша іс-шаралар  тұрақты түрде атқарылып келеді.

Ұлттық тәрбие арқылы жастарды тәрбиелеу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өзім кураторлық жасап отырған тобымда өткізетін  тәрбие жұмыстарымда  студент жастар бойында қазақстандық патриотизм, ұлттық мақтаныш сезімін тәрбиелеу, ұлттық рухани құндылықтарды, мәдениет пен тарихты, әдебиет пен тілді, ұлт ғұламаларының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, студенттерге әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету, бір сөзбен айтқанда, иманды, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, ұлт болашағына  жауапты азаматты тәрбиелеу міндеттерін шешуді көздейді.

Осы мақаланы жазу барысында өзім қызыға зерттеген жапон халқының ұрпақ тәрбиесіндегі мәліметтерге тәнті болдым. Жапондар тек қазаққа тән «баланы жастан» ұстанымының ұстынын қашырмай, тарихи жыр-дастандар арқылы адамгершілік, батырлық ұғымдарын қалыптастырады. Екіншіден, мектеп жасындағы балаларға арнайы сабақтар өткізіп, заң жобаларымен таныстырады. Ертедегі самурайлардың ар-ождан кодексі түпнұсқасында оқытылады. Бұл ретте бір қабылданған заңға өзгерістердің енгізілмейтіндігін және барлық пенде үшін заң бірдей екенін де тілге тиек ететеді екен. Жапондар үшін бастауыш мектеп – білім алудың негізі. Яғни сәби кезінен ізгі қасиеттерді ұғынып өскен бала, дәріс кезінде негізгі қағидаларды бойға сіңіреді. Үшіншіден, ересек жапондарда «қоғамға қызмет» түсінігі бар. Бұл дегеніміз – «біріміз бәріміз үшін» деп ұрандау. Демек, Жапонияда еңбектегеннен еңкейгенге дейін ұлттық тұрғыда рухани тәлім-тәрбие беру мәселесіне жіті көңіл бөлінеді. Сондай-ақ аптасына бірнеше мәрте өтетін сыныптағы он минуттық кітап оқу шарасына оқушылар түгел қатысады екен.Осылай кітап оқу мәселесін студенттер арасында  апта сайын болмаса да тоқсанына бір өткізіп, кім қандай кітап оқыды ортаға салып өзара пікірталас ұйымдастырып тұрсақ деген ойым бар.

Қорыта айтқанда, қазіргі заманда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін, алдымен, өзіміздің ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, сол қоғам иелерін жан-жақты, ақыл парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың, әрбір ата-ананың қоғам алдындағы борышы деп білеміз.

 Бибігүл Жұмағазиева

Жаһанша Досмұхамедов атындағы

Жоғарғы педагогикалық колледждің мұғалімі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *