Оралдық мектеп жеңіске жетіп, шипажайға жолдама алды

25-27 наурыз аралығында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында облыстық V «Денсаулық» спартакиадасы өткізілді

Жастар жылына орайластырылған шараның мақсаты — жастарға қолдау көрсету;кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру және бірлігін нығайту; білім және ғылым қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Спартакиаданың ашылуымен құттықтаған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы Марат Даупаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, арнайы шақырумен келген қонақтарға, ардагер ұстаздарға алғыс білдірді. Сонымен қатар педагогика саласының ардагер ұстаздарына естелік заттай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етілді. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев және Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Амангелді Таспихов кәсіподақ тек еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, өзара салауатты өмір салтын сақтауды кеңінен насихаттауға да қолдау көрсететінін айтып өтті.

Жастар ісі комитетінің негізгі мақсаты — кәсіподақтың жас мүшелерінің жұмысын жандандыру, жастар арасында кәсіподақ қозғалысын насихаттау жұмыстарын жүргізу, қоғамдық маңызы бар тың идеяларды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақыру, жалынды жастарды кәсіподақ қызметіне көптеп тарту, ынталандыру, сондай-ақ жұмысшы және студент жастарға қолдау көрсету жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен жастар арасында патриоттық сезім қалыптастыру. Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы жастар ісі комитетінің төрайымы Индира Бадақова биылғы жастар жылында оларға үлкен жауапкершілік пен сенім жүктеліп отырғанын жеткізді.

Ұйымдастырылған спорттық-көпшілік шараға облыс аудандарынан 12 құрама команда, М.Өтемісов атындағы БҚМУ және Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті құрама командалары, колледждердің құрама командасы, облыстық білім беру мекемелері құрама командасы, Орал қалалық №14 және № 48 жалпы орта білім беретін мектептерінің құрама командалары спорттың айналым жүйесі бойынша волейбол және үстелді теннис ойындарынан жарысқа қатысты.

Спортшыларымыз өздерінің үлкен дайындықпен келгендерін байқатты. Ойын нәтижесінде волейбол мен үстел теннисі ойындарында — қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі құрама командасы ешкімге есе жібермей, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал волейболдан — Асқар Шанаев (Ақжайық ауданы командасы), Данияр Бакишев (№14 ЖООБМ командасы), Сергей Матухнов (Бәйтерек ауданы командасы), үстел теннисінен — Қайрат Мулдашев (Қазталов ауданы командасы), Асылбек Набиев (№14 ЖОББМ командасы), Рафаиль Есниязов (№48 ЖОББМ командасы) үздік ойыншылар ретінде марапатталды.

Екі күнге созылған облыстық V «Денсаулық» спартакиадасында Орал қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі І орынды иеленсе, ІІ орын — Бәйтерек ауданының командасына, ІІІ орын — Қазталов ауданының командасына берілді. Командалық жалпы есеппен облыстық V «Денсаулық» спартакиадасында І орын иеленген Орал қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі құрама командасына «Ақжайық» шипажайына тегін он жолдама және заттай сыйлықтар, ауыспалы кубок берілді. «Ең қайсар команда» — Тасқала ауданының командасы, «Ең белсенді команда» — № 48 ЖОББМ командасы, «Ең тәртіпті команда» — Ақжайық ауданы командасына облыстық кәсіподақ тарапынан дипломдар заттай естелік сыйлықтар табысталды.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы еліміздің тұрақтылығы мен жарқын болашағы үшін жас ұрпаққа сапалы білім беруде олардың еліне деген құрметі мен патриоттық сезімін, болашаққа деген нық сенімін қалыптастыруды мақсат ететін 37 мыңға жуық білім және ғылым қызметкерлерін біріктіріп отырғанын және кәсіподақ күші мен болашағы бірлікте екені туралы жалынды сөздерімен спорттық — бұқаралық көпшілік шараны қорытындылады.

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы
Виктор Предыбайлоның суреті

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *