«Қой көтеруден» жарысқа түсті

Бүгін Батыс Қазақстан инженерлік- технологиялық колледжінің мәжіліс залында «Қош келдің, Әз Наурыз» атты мерекелік шара өтті.

Қала әкімдігінің қолдауымен «Орал қаласы ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен мерекелік шарада концерттік бағдарламадан өзге, ұлттық ойын түрлерінен сайыс өткізілді.

Мерекелік алаңға қала жастары жиналды. Оларға төл мерекеміздің маңыздылығы түсіндіріліп, дәстүріміз ұлықталды.

Ұрпақтар сабақтастығын жалғау жолында жүзеге асқан шарада жастар ұлттық ойындар ойнады. Ер балалар «Арқан тартыс» , «Аударыспақ», «Қой көтеру» ойындары арқылы бақтарын сынады. Жиналғандарды ерекше қызықтырғаны — «Қой көтеру» жарысы.

60 келі салмақтағы қойды жиырма мәрте көтерген Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің студенті Баққожа Сүлейменұлы:
«Бүгінгі жеңісім үшін қуаныштымын. Ұлттық ойынымыз, салт-дәстүріміз жоғалмасын! Наурыз мейрамы құтты болсын!» — деді. Жеңімпазға жарыс шарты бойынша өзі көтерген қойы табысталды.

Қыздар да ұлттық би мен асық атудан сынға түсті.
«Жастар жылы» аясында ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты — береке-бірлікке бастайтын халқымыздың ұлттық мерекесін дәріптеу. Осы орайда жастар арасында ұлттық ән-би мен ойындар ойналды», — деді ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ақпараттық талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Зарина Ихсанова.

Гүлзинат Ибрагимқызы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *