Мердігер көпбалалы анаға пәтер сыйлады

Орал қаласының Круглоозерное кентінде тұратын алты балалы жалғыз басты ана баспаналы болды. Көпбалалы анаға кентте жаңадан бой көтерген тұрғын үйден екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді.


«ОралЗемТрубСервис» ЖШС директоры Алек Кубеев Круглоозерное кентінің Шағала 2/1 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізген. Құрылыс жұмыстары 1,5 жылға созылған. Мердігер аумағы 2330 шаршы метрді құрайтын жалпы саны 40 пәтерден тұратын үш қабатты тұрғын үйді межелі уақытта аяқтап, пайдалануға беріп отыр.

«ОралЗемТрубСервис» ЖШС құрылыс компаниясы өздеріне алған үлкен міндетті бүгін сәтті аяқтап, тұрғындарға қуаныш сыйлап отыр. Бүгінде кент аумағы үлкейіп, тұрғындар саны өсуде. Алда осы мердігер мекеменің бастамасымен балабақша құрылысы басталады. Орал қаласы әкімдігі атынан нақтыланған жоспар бойынша қарқынды жұмыс істеп жасаған мердігер мекеме және оның қызметкерлеріне алғыс айтамын, — деді Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров.

Сондай-ақ, мердігер Алек Тынымгерейұлы кент тұрғыны, көпбалалы ана Гүлдария Аймұқашеваның отбасына жаңадан салынған үйден екі бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады. Қайырымдылық айы аясында жасаған игі ісіне Орал қаласының әкімдігі атынан алғыс айтылды.

«Қайырымдылық айы» аясында бір отбасын қуантсам деген ниетім болды. Круглоозерное кенті әкімдігімен ақылдаса келе, осы алты балалы анаға үй сыйлаймыз деген шешімге келдік. Бұл игі іс алда жалғасын табады, — дейді Алек Кубеев.


Тосын сыйды күтпеген Гүлдария Төлегенқызы қуаныштан көз жасына ерік берді. Алты жылдан бері пәтер жағалап жүрген жалғыз басты ана үшін бұл үлкен сый болды.

Өзім- жұмыссызбын, қазіргі таңда бала күтімімен үйде отырмын. Бүгін мен үшін үлкен тосын сый болды. Барша қайырымды жандарға алғыс айтқым келеді. Жақсылыққа жаны жақын жандарға ризашылығымды білдіремін, — дейді.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *