Сотта қаралған істер санында өзгеріс жоқ

Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Бақыт Ермаханов 2019 жылы жасалған жұмыстармен таныстырды.

2019 жылдың 12 айында облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 68 тұлғаға қатысты 38 іс түскен. Ал 2018 жылы 54 тұлғаға қатысты 38 іс түскен екен. Аталмыш сот төрағасының міндетін атқарушы Б.Ермахановтың айтуынша, пайыздық есеппен алдыңғы жылмен  салыстырғанда қаралған істер саны өзгеріссіз. Тек өткен жылы адам саны 14-ке көбейген.

– Есептік мерзімде қаралған 38 істің алты адамға қатысты екеуі – біріктірілген істер. Алпыс адамға қатысты 31 іс аяқталған. 28 қылмыстық іс бойынша 57 адамға айыптау үкімі шығарылды. 57 адамның 50-іне – бас бостандығынан айыру, төртеуіне – бас бостандығынан шектеу, үшеуіне – қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Бір кісіге ақтау үкімі шығарылса, екі іс қаулымен аяқталды, – деді Бақыт Аманбайұлы.

Өткен жылы бір тұлғаға қатысты іс алқабилердің қатысуымен қаралыпты. Ал 2018 жылы мұндай санаттағы үш іс болған екен. Соңғы екі жылда әйелдерге қатысты алты (2018 жылы – үшеу, 2019 жылы – үшеу) қылмыстық іс қаралған. 2019 жылы соттың қарауында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер ісі бойынша екі тұлғаға қатысты қылмыстық іс болған. Сонымен қатар 2019 жылы есірткілік заттарды өткізу, сақтау, сату фактілері бойынша сегіз адамға қатысты бес қылмыстық іс қаралып, барлығы бойынша айыптау үкімі шығарылған. Бұл ретте сот төрағасының міндетін атқарушы өңірімізге аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өзге облыстардан әкеліп, автокөлікке айырбастау фактілері жиі орын алғанын жеткізді.

Қоғамдық пікір тудыратын үш қылмыстық іс қаралған. Біріншісі, лаңкестік әрекетін жасауға дайындалған сегіз тұлғаға қатысты қылмыстық іс. Олар осы әрекеттері үшін үш-бес жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылған. Екіншісі, өз командирін атып өлтірген полиция қызметкеріне қатысты іс. Сотттың шешімімен айыпталушы 13 жылға темір торға қамалған. Үшіншісі, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған тұлғаларға қатысты іс. Топ мүшелері 3-8 жыл аралығында бас бостандықтарынан айыру туралы үкімге кесілген.

Ләззат ҚАЖЫМОВА          

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *