Болмашы себеппен мойнына адам қанын жүктеді

Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жоғалған әмиянына бола адам өліміне себепкер болған Талғат Тағбергеновке қатысты істің нүктесін қойып, оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Өзі жоғалтып алған әмияны үшін 35 жасар Айболат Бердығалиев есімді жігітті өлтірген 1964 жылғы Талғат Тағбергенов енді өмірінің 11 жылын тар қапаста өткеретін болды. Оның үстіне еш жерде жұмыс жасамайтын, ажырасқан азамат ІІІ топтағы мүгедек екен.

Сәл шегініс жасасақ, өткен жылдың қыркүйегінде Оралдағы Зашаған кентінде орналасқан бір үйде бірге ішімдік ішкен Т.Тағбергенов пен А.Бердығалиевтің арасындағы дау Тағбергеновтің қалта телефоны мен әмиянының жоғалуынан туындаған. Бұрын таныс емес екеу ортақ таныстарының үйінде жолығып, сол күні бөтелкелес болып қалған. Айыпталушы Тағбергенов жеке заттарын қайда және қашан жоғалтып алғанын білмей, рөмкілесі Бердығалиевтен сұрайды. Ол тысқа шығып кетіп, 10-15 минуттан соң жоғалған әмиянды әкеліп береді де, бөлмедегі кереуетке жатып қалады. Ал Т.Тағбергенов әмиянының ішіндегі құжаттары мен ақшасы жоқ екенін айтып, А.Бердығалиевтен оны қайдан және кімнен алғанын сұрайды. Өзіне жауап қатпаған Бердығалиевтің бұл әрекеті ызасын келтірген масаң күйдегі Т.Тағбергенов ас үйден пышақ әкеліп, бейқам жатқан жігіттің сол жақ кеудесінен, дәлірек айтқанда жүрек тұсынан сұғып алады. Алған жарақаты салдарынан Айболат Бердығалиев оқиға орнында жан тапсырады.

Үкімді жария еткен облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы  Бақыт Ермаханов: – Талғат Тағбергенов ҚР ҚК-нің 99- бабы 1-бөлігімен, яғни адам өлтіру, құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату бойынша айыпталып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот жаза тағайындау  кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәржесін, салдарын, жәбірленушінің артында екі жас баласының қалғанын, сотталушының жеке бас мәліметтерін, мінездемесін, шын ниетпен өкінуін, мүгедектігін, ішімдік ішіп қылмысқа барғанын, жәбірленуші тараптың қатаң жаза тағайындау туралы пікірін ескерді. Сотталушы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары деңгейдегі түзету мекемесінде өз жазасын өтейтін болады, – деді.

Сот процесіне қатысқан марқұм А.Бердығалиевтің әкесі Айтболат Бердығалиев журналистерге берген сұқбатында сот үкімімен келісетінін айтты. – Ұлымның артында 14 және 9 жастағы екі баласы мен зайыбы қалды. Өзі «Юнисерв» компаниясында жүргізуші болып жасайтын еді. Оқиға болған күні демалыста жүрген болатын. Ал сотталушыны бұған дейін таныған емеспін, – деді қайғы жамылған әке.

Бірге рөмкелес болып, бір рет қана пышақ сұғып, бір отбасын қара жамылдырған сотталушы бір мезетте адам қанын мойнына жүктеді. Адамды ақылынан адастыратын ішімдіктің салдары осындай қайғылы оқиғаға әкеп соқтырған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *