Жастар жылындағы жарқын кездесу

Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жастар жалыны» атауымен мотивациялық кездесу өтті.

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «БҚО Жаңа толқыны» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шарада қоғамда өз орнын тауып, әр салада биік жетістікке жеткен азаматтар жастармен жүздесті.

«Жастар жылы» аясында өткен еркін форматтағы ашық алаңға қаламыздың студент жастары жиналды.

Шара қонақтары – әр түрлі салада қызмет атқаратын маман иелері. Бірі – өнер саласының үздіктері болса,  енді бірі – жас кәсіпкерлер.

Кездесудегі басты мақсат – жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеу. Жаңа көзқарас қалыптастырып, дүниетанымының кеңеюіне ықпал ету.

Жерлесіміз, жаңашыл идеяларымен танылып жүрген жас продюсер, режиссер әрі «Тамаша тв» телеарнасының креативті продюсері – Бақытжан Урахаев кездесуде алғаш боп сөз алды. Ол М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды тәмамдап, кейін халықаралық «Болашақ» степендиясының иегері атанып, Нью-Йорк қаласының Кино академиясына оқуға түскен. Шетелде білім алған Бақытжан аталмыш оқуға түсу үшін ағылшын тілін екі айда жетік меңгеріпті. Өз сөзінде:

– Мақсатқа жету үшін тынбай еңбектену қажет. «Болашақтың» степендианты атану үшін ағылшын тілін екі ай бойы үздіксіз оқып, жоғары нәтижеге қол жеткіздім. Мақсат болса, алынбас қамал болмайды, – деді.

Ал Ақжайық аудандық мәслихатының депутаты, БҚО әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Біржан Кухаев жалынды жастарға тіл мен жерге құрмет жайын ұғындыра сөйледі. Адамдар арасындағы сыйластық азайған шақта, қадір тұтатын дүниелерден өнеге алу жайын жастарға баса айтты.

Сондай-ақ кездесуде 18 жасында миллионер атанған Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ-нің 2-курс студенті Нұртілек Мәлікұлы өз тәжірбиесімен бөлісті. Кино және театр актрисасы Мәдина Оспан өнер жолына келуін ерекше әсермен жеткізіп, қойылған  әр түрлі сауалдарға жауап берді. Актриса ару болашақта шетелде білім алуды қалайды екен.

Қонақтар арасынан ерекше мамандық иесі де табылды. Мысалы, Әдемі Есеншораеваның кәсібі көптің қызығушылығын тудырды. 25 жастағы кәсіпкер Әдемі Ұланқызы – дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырын еркін меңгерген.

Бұл ісіме бастапқыда қатты ұялдым. Дәнекерлеуші болу қыз баласына тән қызмет емес екенін білсем де, ынтам осындай жоғары дәрежеге жеткізді. Қазіргі таңда Балқаш қаласында өндірістік жеке цехым жұмыс істеп тұр, – деді.

Кейіпкер кәсібін 15, 20 метрлік алаңда қойылатын шырша жасаудан бастапты. Қазіргі таңда балалардың ойын алаңдары мен тұрғын үй аулаларын безендірумен айналысады екен. Қандай істі болмасын соңына дейін жеткізуді мақсат тұтатын кәсіпкер-ана жастарға білімді әрі табанды болуды тіледі.

 Алдыңғы буыннан үлгі алып, білім мен еңбекті ұштастыра қызмет атқарып жүрген жандармен өткен мотивациялық кеш спикерлердің жастарға деген ізгі тілегімен тәмамдалды.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *