Қайырымдылық айындағы ізгілік акциясы

Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Қамқор» қайырымдылық акциясы өтті.

Облыстық  дін істері басқармасы тапсырысы бойынша өңіріміздегі діни бірлестіктердің қолдауымен «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға 200-ден аса адам жиналды.

Шараға «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғындары, «Терроризм және экстремизм» бабымен жазасын өтеушілердің отбасы мүшелері, облыстық «Балалар ауылы» үйінің тәрбиеленушілері, «Жусан» операциясынан оралғандар, көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен жоғарғы оқу орнындарының жетім,мүгедек санатындағы студенттері қатысты.

Акцияның басты мақсаты – қайырымдылыққа зәру жандарға көмек қолын созу. Қамқорлық – тек материалдық тұрғыдан көмектесу деп түсінбеуіміз қажет. Акция барысында біз қатысушылаға рухани дүниелерді де ұсынамыз,– деді Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Азамат Төлепов.

Адам баласының ең асыл қасиеті – қамқорлық жасау. Соны мақсат тұтқан ұйымдастырушылар акция барысында «Жәннат» қойылымын көрермендерге ұсынды. Драмалық қойылымда жат ағымның көшіне ілесіп, бауырларынан  баз кешкен кейіпкер Сүйініштің қилы тағдырының соңы ана өліміне әкеп соқтырады. Алды – жөн деп санап, жат діннің арбауына түскен отбасының тұңғыш баласының бұл  әрекеті көрермендерге үлкен ой салды. Тағылымы мол рухани дүниеден жиналғандар ерекше әсер алып қайтты.

Айта кетейік, аталмыш драмалық қойылым 2015 жылы БҚО дін басқарамасы мен облыстық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма ұжымының бірлесуімен жарыққа шыққан.

Сондай-ақ шарада  балаларға арнап әр түрлі көңілді аниматорлық ойындар ойнатылып, сыйлықтар таратылды. Акцияға келген әр қатысушыға тұрмыстық қажетті заттар мен кеңсе тауарлары таратылды.

Бүгінгі шараға «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінен 37 оқушы мен 25 тәрбиеленуші қатысты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға, алғысымызды білдіреміз,– деді «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің коменданты Қарлыға Жалмұқанбетова.

Іс-шара соңында қатысушыларға «Кофе-брейк» сағаты ұйымдастырылды.


Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *