Ата-аналарды алаңдатқан оқиға

Кеше, яғни 16 қазан күні Оралдағы  6-шы шағынауданда орын алған жағдай ата-аналардың үрейін туғызуда. Оған негіз болған  —  WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы таралған мектеп оқушысына қатысты оқиға.

Әлеуметтік желіде таралған аудио жазбаға сүйенсек, оқиға кешкі сағат 18.00 шамасында орын алған. Қаламыздағы №44 мектептің 5-сынып оқушысы екінші ауысымнан сабақтан шығып, үйіне қарай бет алған. Жолай су колонкасының жанында тұрған белгісіз адамды көрген. Жолдың келесі бетіне (балабақшаға қарай) өтпек болған оқушы машиналардың өтуін күтіп жол бойына кідірген. Кенеттен бейқам тұрған қыз баланы бөгде біреу артқа  тартып, мойнынан қылғындыра бастаған. Көмекке шақырып айқайлаған жеткіншекті күдікті қолынан тартып сүйреген. Абырой болғанда , бұл жағдайды су алуға келе жатқан әйел адам байқап қалып, көмекке ұмтылған.  Ал оқушыны ұрламақ болған белгісіз адам оқиға орнынан ғайып болған. Қыз бала оның күртесінің сұр түсті және тымағы бар екенін ғана байқап қалыпты. Аудиожазбада болған оқиға қысқаша осылай   баяндалған, ал оны қыздың көршісі жазған екен.

Әлеуметтік желіде таралған ақпараттың шындыққа сәйкестігін анықтау мақсатында №44 мектепке және құзырлы мекемелерге хабарластық.

Аталмыш білім ордасының мұғалімі Раушан Асылбекқызы мұндай оқиғаның  болғанын растады.

Алайда қазіргі жағдай қалыпты. Оқушының ата-анасы полиция бөліміне шағым түсірмеген,– деді педагог.

Бұл жағдай жөнінде облыстық полиция департаменті мен қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметтеріне қоңырау шалдық. Қос тарап та жазбаша түрде ешқандай арыз-шағым түспегенін, ресми ақпаратпен қосымша хабардар ететіндіктерін мәлімдеді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

(сурет ғаламтодан алынды)

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *