Тәртіп сақшылары ән шырқады

Орал қаласында «Әр жүректе – туған жер!» атты облыстық патриоттық ән арт-фестивалі өтіп, әні мен әуені, жыры мен термесі үйлескен полицейлер сахнаны өнермен көркемдеді.

Биылғы Жастар жылы аясындағы патриоттық ән арт-фестивалі ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәдени және патриоттық тәрбиесін жоғарылатуға, оларды ұлттық және әлем мәдениеті мен өнеріне баулуға, ұжымдарда моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға, Қазақстан полициясының оң имиджін нығайтуға бағытталды. Бұл атаулы шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға БҚО Полиция департаменті, Орал қалалық полиция басқармасы, аудандық полиция бөлімдері, төтенше жағдайлар департаменті, мемлекеттік күзет қызметі басқармасының өнерлі қызметкерлері қатысты. Олар ән айтып, терме орындап, сахнаны көркемдеді. Вокал номинациясы бойынша өткізілген өнер сайысында жеке орындаушы, дуэт, трио, квартет болып өнерін көрсеткен сайыскерлердің өнерін әділқазылар алқасы вокалдық мәліметтер, репертуардың көркемдік құндылығы, күрделілігінің деңгейі, орындау шеберлігі, костюм кию үлгісі бойынша бағалады.

Конкурстық бағдарламалардың тақырыптық бағыты патриоттық сипаттамаға, қазақ және шетел композиторларының әндерін орындауға, Қазақстан халқының жалпыұлттық келісім басымдықтарына сәйкес болуы жіті бақыланды.

Кеште Теректі ауданының полиция бөлімі кеңсесінің жетекші маманы Әсемнұр Сағидолла «Туған жер» әнін орындаса, БҚО Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және арнайы жасақ қызметі» мемлекеттік мекемесі №1 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Әлішер Құттығали «Көк тудың желбірегені» әнін әуелетті. Ал Қазталов аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Жақсылық Гайнуллиев «Қазақ полициясы» әнімен тыңдаушысын ұйытты. Терме де жырланды, қазақтың күмбірлеген қара домбырасы шараны одан әрі айшықтай түсті.
Өнер додасына 12 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Кештің салтанатты бөлімінде облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Қадеркеев құттықтау сөз сөйлеп: «Мұндай іс-шаралардың өткізілуі өте орынды. Осындай сайыстардың ұйымдастырылуы ел азаматтарының ұлттық сезімдерін оятуға, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға көп мүмкіндік береді. «Талантты адам, ол қай кезде де талантты», қиын да қауіпті қызметтегі тәртіп сақшыларының өз өнерлерін көрсете білуі – үлкен жетістік, – деп іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан әріптестеріне алғысын білдірді. Өнерімен ерекшеленіп, көзге түскен полиция қызметкерлері алғыс хатпен марапаттады.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі 3-орынды – Сюзана Жеенбаева (Орал қ. ПБ Шаған Пб), 2-орынды – Батырхан Хамит (БҚО МКҚБ) иеленді. Ал 1-орынды БҚО полиция департаментінің вокалды-аспаптар ансамблі (Парасат Жолбаев, Едіге Құлмашев, Жақсылық Ермеков, Мейрамбек Бактубаев) жеңіп алды. Ән сайысының іріктеу бөлімі алдағы қыркүйек айында Қызылорда қаласында ҚР Ішкі істер министрлігінің қолдауымен өтетін өңірлік сайыста жалғасатын табады.

Асылай ГУБАШЕВА,
БҚО ПД баспасөз қызметкері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *