Облыста адвокаттар мен нотариустар саны көбейіп келеді

Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңына келіп жарты жылда атқарылған жұмыстар жөнінде хабардар еткен облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев мәлімдеді.

Департамент басшысының орынбасары үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында аумақтық әділет органында жүзеге асырылған іс-шараларды толықтай баяндады. Әділет департаментімен өткен жылы мемлекеттік қызметтің 20 түрі көрсетілсе, биыл 12-ге азайыпты. Оның себебін жылжымайтын мүлікті және коммерциялық заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құзырына берілуімен түсіндірді.

Естай Елтайұлы Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жекеменшік сот орындаушылар институтын дамытуға баса назар аударылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда облысымызда мемлекеттік сот орындаушылардың саны 23 бірлікке қысқарыпты. Олардың қазіргі уақыттағы нақты саны – 16. Заңнамалық өзгерістерге байланысты әділет органдарының жылжымайтын мүлікке құқықтарды, коммерциялық заңды тұлғаларды, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеу қызметтері «Азаматтарға арналған үкімет» МК-ге берілген. Ал мұраға құқық, меншік құқығы туралы куәліктер негізінде туындаған меншік құқықтарын мемлекеттік тіркеу электронды түрде Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы қабылдана бастапты.

Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын заңгерлердің Заң консультанттары палатасына мүше болу міндеттілігі заңмен бекітілгенін атап өткен Естай Рашқалиев: – Облысымызда үш заң консультанттары палатасы тіркелген. Адвокаттар мен заң консультанттарының «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесінде жұмыс жасау мүмкіндігі іске қосылды. Бұл жүйе соттар мен құқық қорғау органдарына олардың мәртебесі мен өкілеттіктерін онлайн режімінде кідіріссіз тексеруге қолайлы. Осылайша растау процесін жеңілдетеді, – деді. Айтуынша, өңірдегі адвокаттар туралы мәліметті БҚО Әділет департаментінің интернет-ресурсынан алуға болады. Сонымен қатар нотариустардың қызметіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес енді жалақыны, коммуналдық қызметтер берешегін, жалға алу төлемдерін өндіріп алушылар сотқа бармай-ақ нотариустарға жүгіне алады.

Сонымен қатар департамент өкілі қоғамды алаңдатып отырған неке мен отбасы мәселесін де айналып өтпеді. Оның мәліметінше, жыл басынан бері алты ай ішінде 1708 неке қию туралы акт жазбасы тіркелсе, неке бұзу туралы тіркелген акт жазбасының саны – 1107. Тағы бір айта кетерлігі, АХАЖ-ды автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары қарқынды түрде қолға алыныпты.

Департамент өкілі өз баяндамасында жылжымайтын мүлік және заңды тұлғаларды, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу, адвокаттар мен нотариустар, азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қоюды әдістемелік қамтамасыз ету, бақылау қызметтері, атқарушылық өндіріс, жеке сот орындаушылар, зияткерлік меншік құқығын қорғау, құжат айналымын қамтамасыз ету бойынша жарты жыл ішінде атқарылған жұмыстарға жеке тоқталып өтті.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *