Күре жолдың бойындағы бекеттің жұмысымен таныстырды

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов пен Апаттар медицинасы орталығы БҚО филиалының басшысы Рафих Байарстанов қатысты.

Төтеншеліктер әдеттегідей өңірімізде адамдардың суға кету оқиғалары тыйылмай тұрғанын жеткізді. Тұрғындардың тілсіз жаудың құрбанына айналуларына балалардың қараусыз қалуы немесе судағы тентектігі, мас күйінде суға шомылу, белгіленбеген орындарға суға түсу секілді қарапайым әрекеттер себеп болуда.

БҚО ТЖД бастығының орынбасары Ақылбек Қосманұлы: – Ағымдағы жылдың басынан бері облыстағы су айдындарында 25 адам мерт болса, соның жетеуі – бала. Ал құтқарылған 16 азаматтың сегізі – бала. Жалпы 2009-2018 жылдар аралығында өңіріміздегі өзен-көлдерге 262 адам батып кетті, – деді. Айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде тұрғындардың судағы демалысы үшін қауіпсіз тоғыз жағажай белгіленген. Қауіпті, әрі арнайы жабдықталмаған су қоймалары учаскелеріне 308 тыйым салу белгісі орнатылыпты. Қосымша белгілерді жаңарту және орнату жұмыстары жалғасуда.

Балалардың қатысуымен орын алатын судағы төтенше жағдайлардың 70 пайызы олардың жүзе білмеуі салдарынан болады екен. Осыған орай департаменттің Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері балаларды суда жүзуге үйрету жұмыстарын қолға алған. Биылғы қысқы маусымда – 553, ал жазғы кезеңде – 280 ұл-қызды суда жүзуге үйрету жұмыстары жүзеге асырылған. Өз баяндамасында департамент басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов тұрғындар өзен-көлдерде жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығармауы қажеттігін айтып өтті.

Бұдан соң сөз алған «Апаттар медицинасы орталығы» ММ-нің облысымыздағы филиалының басшысы Рафих Байарстанов аталмыш мекеменің жыл басынан бергі жұмысына тоқталды. Оның мәліметінше, күре жолдардың бойында түрлі жол-көлік оқиғаларына ұшыраған адамдарға көмек көрсететін бұл мекеменің трассалық медициналық-құтқару бекеті біздің облысымызда бір ғана жерде орналасқан.

– Біздің филиалымыз 2014 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес құрылды. Сол жылы желтоқсан айында филиалдың басшылығымен «Чапаев» трассалық медициналық-құтқару бекеті пайдалануға берілді. Оның негізгі қызметі – табиғи және техногенді төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету, түрлі іс-шараларды медициналық қызметпен қамтамасыз ету, оқу-жаттығуларына қатысу, санитарлық-ағартушылық жұмыстар жүргізу, – деді филиал басшысы Рафих Сағидоллаұлы.

Тәулік бойы жұмыс жасайтын Атырау-Орал трассасындағы бекетте дәрігер, фельдшер, құтқарушы, фельдшер-диспетчер, жүргізуші-құтқарушы қызмет етеді. Сонымен қатар апаттан құтқару үшін арнайы жабдықталған автокөлікпен де қамтамасыз етіліпті.

Филиал басшысы трассалық медициналық-құтқару бекеті қызметкерлерінің 2017 жылдан бергі жұмысына тоқталып, статистикалық көрсеткіштермен таныстырды. 2017 жылы оларға 45 шақырту түссе, 2018 жылы түскен шақырту саны – 63. Соның 31-і (2018 жылы – 53) – жол-көлік оқиғаларына қатысты. Ал 14 шақырту (2018 жылы – 10) – жеке көмек сұраушылар тарапынан түсіпті. 77 жолаушы (2018 жылы – 69) зардап шексе, 56 адамға (2018 жылы – 57) медициналық көмек көрсетілген. Алпыс азамат (2018 жылы – 37) қауіпсіз аймаққа жеткізіліп, 31 зардап (2018 жылы – 35) шегуші ауруханаға жатқызылған. Бес адам (2018 жылы – 12) қаза болған. Ал ағымдағы жылдың жеті айында бекттегілерге түскен 24 шақыртудың жиырмасы – жол-көлік оқиғаларына қатысты. Медициналық қамтамасыз ету бойынша – бір, өзге шақыртулар – екеу, зардап шегушілер – 13, медициналық көмек көрсетілгені – 13, қауіпсіз жерге көшірілгені – 11 (оның біреуі – сәби), ауруханаға жатқызылғаны – 10, қайтыс болғаны – екеу.

Жолда түрлі жағдайға ұшыраған жолаушыларға уақыт жоғалтпай қызмет көрсетуге тырысатын бір ғана трассалық медициналық-құтқару бекетінің аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Филиал басшысы да бекеттің санын көбейту қажеттілігін жасырмады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *