Тұрғындар сауалына жауап берді

Бүгін Орал қаласының халықты жұмыспен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі бойынша «Ашық әкімдік» шарасы өтті.

Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев қатысып, қала тұрғындарының сауалдарына құлақ түрді. Сонымен қатар мемлекеттік мекеме жетекшілері түрлі мәселемен жекелей келушілерді қабылдады.

Тұрғындардың басым бөлігі жер мәселесі мен тұрғын үй кезегі, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек мәселелері бойынша кеңес алуға келген. Соның бірі — көп балалы ана Күләш Нәбиева. Оның айтуынша, осыдан сегіз жыл бұрын үйлері апатты деп танылып бесінші шағын ауданнан жаңа үй беріліпті. Бірақ әлі күнге дейін үй құжаттары рәсімделмеген. Тікелей облыс әкімінің қабылдауында болған ана:

«Осы түйіткілді мәселені шеше алмай жүргеніме біраз болды. Бір апта ішінде қаралмақ. Облыс әкіміне алғысымды білдіремін», — деді.

«Ашық әкімдік» шарасын болатынын естіп, арнайы мамандардан кеңес сұрауға келдім. Зашаған кентіндегі көпқабатты үйлердің бір бөлмелі пәтерінде тұрамын. Өзім — көпбалалы анамын, үй тарлық етеді. Сондықтан үйді сатқым келеді. Бірақ, бес жыл өтпей үйді сатуға болмайды деп тоқтау салды. Сол жөнінде білгім кеп осы жаққа беттедім», — деді қала тұрғыны Айымгүл Рабаева.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мамандарынан қажетті жауап алған тұрғын үйіне көңілді қайтты. Ол жаңа заңнамалық өзгерістерге байланысты, үйін сатуға мүмкіндік алды.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *