Сақшылар сыбайластыққа жол бермеуі тиіс

Наурыздың 27-сі күні Орал қалалық полиция басқармасында облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік кеңесші органның отырысы өтті.

Оған департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Әбуов, басқарма бастықтары, консультативтік кеңесші органның белсенді мүшелері, полиция басқармасы басшылары мен жеке құрамы қатысты. Алдымен сөз алған кеңесші органның төрағасы Қазыбай Бозымов полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын көпшілікке насихаттау, құқықтық мемлекетті нығайту мен рөлін арттыру, халықтың, қоғамның негізгі ойларын бірге шешу мақсатында облыс көлемінде біркелкі іс-шаралардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұдан кейін отырыстың күн тәртібінде қаралатын екі сұрақтың өзектілігіне тоқталып, жиналғандарды еркін пікір алмасуға, ұсыныстарын ортаға салуға шақырды.

Қалалық полиция басқармасындағы заңдылық пен қызметтік тәртіптің жай-күйі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған іс-шаралар туралы басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Наурызбай Ғұмаров баяндады.

Ішкі істер органындағы негізгі басым бағыттардың бірі — сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу, жеке құрам арасында жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жең ұшынан жалғасқан аталмыш «дертті» болдырмау үшін нақты шаралар қабылдануда.

Жыл басынан бері Орал қаласының полиция басқармасына 14 үміткер қабылданған. 13 жас маман ҚР ІІМ жоғары оқу орынын тәмамдаған, біреуі алғашқы даярлық курсын бітірген. Олардың бойында таңдаған мамандығына деген мақтаныш сезімін ояту, қызметтік ортаға сіңісіп, еңбекке араласуына ықпал ету мақсатында тәжірибелі тәлімгерлер бекітілген. Басшылық тарапынан да жұмысқа қолайлы жағдай жасалған. 2019 жылдың алғашқы үш айында 13 қызметкер қызметтен шығарылған. Оның сегізі өз қалауымен, үшеуі қысқартылған, ал біреуі теріс қылығы үшін жұмыстан кеткен. Жеке құрамның 12 пайызы тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Басқарма бастығының орынбасары Наурызбай Қайыршаұлы апта сайын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жеке құрамға шолу жүргізілетінін баяндады. Өзгелерге сабақ болып, қателіктерін қайталамасын деген бағытта жыл басынан бері екі ашық сот отырысы өткізіліп, құзырлы мекеме, департамент басшыларымен кездесулер ұйымдастырылған. Кездесулер барысында жеке құрамға заң алдында жауапталған қызметкерлерге шыққан үкімдер мен олардың ұсталуы туралы бейнеүзіктер көрсетілген.

2018 жылдың үш айында төрт қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалса, биылғы есептік мерзімде мұндай фактілерге жол берілмеген. Жеке құрамның жол-көлік оқиғаларына жол бермеуі, жол ережелерінің сақталуын тексеру мақсатында кадр жұмысы бөлімінің жауапты қызметкерлері жыл басынан бері жеті рейд өткізіп, бірде-бір теріс факті тіркелмеген. Басқарма ғимаратының бірінші қабатында фронт кеңсе ашылып, оған келген азаматтар өз сұрақтарына нақты әрі шапшаң жауап алуға мүмкіндік алған.

Басқармадағы жеке құрам арасындағы тәртіптің жай-күйі туралы ақпарат берген полиция полковнигі Наурызбай Қайыршаұлы ұсыныстарын да жеткізді. Әдеп кодексін оқыту бойынша қосымша сабақтар ұйымдастырылып, жеке құрамның полицейлік, тәлімгерлік, офицерлік, ардагерлер кеңестерімен бірлесіп жұмыстануын, полиция имиджін көтеру, полиция қызметін халыққа жақындату мақсатындағы жұмыстың күшейтілуін алдағы күндердің еншісіне қалдырды. Облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Б.Әбуов тәртіп сақшыларының азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасап, мәдениетті сөйлесуге көңіл бөлуін талап етті. Ал консультативтік кеңесші органның төрағасы Қ.Бозымов полиция жұмысын халыққа жариялау мақсатында ақпараттардың уақтылы әрі шынайы беруге, заң аясында жұмыстануға шақырды. Консультативтік кеңесші органның мүшесі Асыланбек Ғұбашев алда өтетін кезектен тыс аттестацияға бақылаушы ретінде қоғамдық құрылымдар тартылса деген ұсынысын білдірді.
Келесі кезекте полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін атқарылған іс-шаралар туралы департаменттің кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковигі Мырзахан Батырқұлов баяндады. Осы күнге дейін 104 қызметкер ипотека арқылы үй алып, 111 қызметкер әр түрлі мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанамен қамтамасыз етілген. Жалдамалы үйде тұратын қызметкерлер тексеріліп, екі қызметкердің отбасына баспанасы өтеусіз жекешелендірілген. Полиция қызметкерлеріне баспана тұрғызу мақсатында «Солтүстік-Шығыс» ауданнан жер телімі қарастырылған. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әр кез саптан табылатын тәртіп сақшыларының баспаналарының болуы туралы отырысқа қатысушылар да өз пікірлерін ортаға салды.

Қазыбай Бозымов сақшылардың ел игілігі жолындағы қызметін жариялау мен халыққа жақындату мақсатында ынтымақтаса жұмыстануға шақырды.

Отырыс соңында департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Әбуов БҚО Полиция департаменті жанындағы Консультативтік кеңесші органның қызметіне белсенді қатысқаны үшін оның төрағасы Қазыбай Бозымовқа ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-майоры Е.Тұрғымбаевтың грамотасын табыстады.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *