Жəрмеңке маусымы басталды

Бүгін Оралда ауылшаруашылығы өнімдері жəрмеңкесі өтті. Оған облыс əкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп, қала əкімі Мұрат Мұқаевпен бірге аралап шықты.

Шаһардың М.Ықсанов көшесінде қала əкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған жəрмеңкеге оралдық жəне қала маңындағы Бəйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері, қайта өңдеу кəсіпорындары мен ірі көтерме тауар жеткізушілері қатысты.

Өңір басшысы Алтай Сейдірұлы жəрмеңкедегі бағаны өз көзімен көріп, тұрғындардың пікіріне құлақ түрді.
«Осындай жəрмеңкені ұйымдастырушыларға ризамыз. Баға едəуір арзан. Мерекеде көңіліміз бір көтеріліп қалды», — деді зейнеткер Валентина Багрянцева.

Сырым ауданынан келген «Арман» жеке кəсіпкерлігі қалалықтарға жылқы етін сатуға шығарды. Əр жəрмеңкеге ет өнімдерін ала келетін жымпитылық жеке кəсіпкер бұл жолы 150-160 келідей жылқы етін əкеліпті.

Жəрмеңкеде картоптың келісі 40-50 теңгеден, орамжапырақ — 150, сəбіз — 60, қызылша — 100, пияз — 120, жылқы еті — 1400, сиыр еті — 1300, қой еті — 1200, балық — 300-1000 теңгеден, жұмыртқаның он данасы — 190-200 теңгеден сатылды.

Жалпы бүгінгі жəрмеңкеге үш бас жылқы, жеті бас сиыр, 34200 дана жұмыртқа, 4,2 тонна картоп, 150 келі қырыққабат, бір тонна сəбіз бен пияз, 0,2 тонна қызылша, 2,5 тонна балық сатылды.

Сауда жасауға келіп, құр қайтпаған қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға «Орал жастары» еріктілері қолұшын беріп, азық-түліктерін қажетті жерге жеткізіп берді.
«Биылғы жəрмеңке маусымы Наурыз мерекесінде ашылып отыр. Енді апта сайын жалғасатын болады. Бұл — халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін жасалуда», — деді облыс əкімінің бірінші орынбасары Ғали Исқалиев журналистерге берген сұқбатында.

Лəззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *