Өзгені құтқарамын деп өзі өмірімен қоштасты

Наурыз мерекесі қарсаңында Атырауда ішкі істер органы қызметкері қызмет барысында қаза болды.

Атап айтқанда, Атырауда полицей суға батқан қызды құтқарамын деп қаза тапқан. Қайғылы оқиға 21 наурыз күні орын алған. Сол күні сағат 21.52 шамасында жергілікті полиция операторына белгісіз адам орталық көпірден адам секіріп кеткені жөнінде хабарлады. Дереу Атырау қалалық полиция басқармасының жеке құрамына бағдар берілді. Оқиға орнына алғаш болып жеткендердің бірі полиция сержанты Шалқарбек Ақымғалиев ойланбастан салқын суға бет қойған.

«Жағалауда ролик теуіп, демалып жүрген кезімізде суицид оқиғасына куә болдық. Мен дереу полицияға хабарладым. Санаулы секундтар ішінде оқиға орынан жеткен патрульдердің бірі батып бара жатқан адамға көз ілеспес жылдамдықпен жүзіп барды. Су салқын, әрі қатты ағыс қызды алып бара жатты. Сонда да полицей өмірін тәуекелге тігіп, құтқарудан бас тартпады», — дейді куәгерлердің бірі Райымбек Сарбалин.

«Мен батып бара жатқан адамға жүзіп жеткенімде, Шалқарбек ағысқа қарсы жүзе алмай, су түбіне батып кетті. Әйел адамды құтқару маңызды болды. Ол «менің кесірімнен батып кетті» деп айқайлап, өз-өзін ұстай алмай айқайлай берді», — дейді орны толмас қазаға қайғырған Рүстембек Сүндетов.

Батып бара жатқан әйел осы кезде келіп жеткен ТЖД құтқару тобына берілді. Құтқарылған азаматша БҚО 1983 жылы туылған болып шықты. Ол жедел жәрдеммен обыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.

Жанындағы серігін өз бетімен іздеп тапқысы келген Рүстембектің әрекеті нәтижесіз аяқталды. Үш градустан аспайтын салқын суға денесі құрысып қала берген соң жағаға жүзіп келді. Сағат 00.50 шамасында Шалқарбек Ақымғалиевтің денесі құтқарушылармен табылып, жағаға жеткізілді.

Отбасының жалғыз асыраушысы Шалқарбек Ақымғалиев Көшкінбайұлы үйленбеген, 1 сәуірде 25 жасқа толатын еді. Отан алдындағы қызметіне 5 жыл уақыт болған кезде суға батқан қызды құтқару үшін өмірін тәуекелге тіге отырып қаза болды. Ішкі істер басшылығы және жеке құрамы қаза болған əріптестерінің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *