Учаскелік полиция инспекторы – қоғамның тыныштығын күзетуші тұлға

Олардың басты  мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде полицейлерге үлкен жауапкершілік пен салмақ түсетіні рас.  Ішкі істер қызметкерлері күшейтілген режімге көшіріліп, әрдайым кезекшілікте тұрады. Халықтың қауіпсіздігі үшін кейде полицейлер өз өмірлерін қатерге тіккен кездер де жиі болып тұрады. Осыдан-ақ олардың жұмысының қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін байқауға болады. Көптеген түрлі оқыс жағдайлардың басында жүретін осы сала мамандарының қызметі көпшілікті қызықтырары сөзсіз.

Қоғамда форма киген полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын қажетті әрі жауапты мамандық болып саналған. Әсіресе қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көше қылмыстарына тосқауыл қою, өздері қызмет көрсететін аймақтарында қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу, тұрғындармен ынтымақты байланыс орнатып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау да учаскелік полиция инспекторларының еншісінде. Абай полиция бөліміне қарасты №2 учаскелік полиция пункітінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға учаскелік инспектор, полиция майоры Рафхат Мұсағалиев  – жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі. 43 жастағы полиция қызметкері  Теректі ауданы, Сарыөмір ауылының тумасы.

Абай полиция бөлімінің басшысы Рафхат Шмитұлының кәсіби шеберлігі мен еңбек өтілі мол  екенін айтып, тәжірибелі қызметкерін ауыздарынан тастамай жас мамандарға үлгі етіп келеді.

Ол қаланың орталық бөлігіндегі Ғ.Тоқай, Ж.Молдағалив, Құрманғазы көшелері мен орталық «Мирлан» базары маңайына жауапты қызметтерді атқарып жүр.

 – Полиция қызметкері болу –  менің бала күнімнен бергі арманым. Қазіргі кезде азаматтарға өзімнің қызметімді көрсетіп жатырмын. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жалпы бұл қызметті халыққа көп көмегі тиетін сала деп есептеймін, — дейді полиция майоры.

Бұл аймақта 7 мыңнан аса тұрғын бар екен. Рафхат Мұсағалиев жеке өзі 2 мыңнан  астам тұрғынның қауіпсіздігін күзету  сапынан табылып, түнгі ұйқыларының бұзылмауын қадағалап келеді.  

20 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол жұрттың қауіпсіздігі бірінші орында екенін айтады. Үлкен жауапкершілікті арқалаған ішкі істер саласының қызметкері «кез келген полицей елі мен халқына қалтқысыз адал қызмет етуі тиіс» дейді.

№2 учаскелік полиция пункітінің әкімшілік аймағына «Облыстық аурухана» аймағы, №43 орта мектеп аумақтары мен  «Мирлан» базары енетіндіктен  бұл аймақта қалта ұрлығы жиі орын алатынын жасырмайды.   Қазіргі күні қаланың орталығы тыныш. Арагідік уақ-түйек қылмыстар мен құқық бұзушылықтар ғана болмаса. Бір ай ішінде тіркелетін 2-36 қылмыстар уақытылы ашылуда екен.

-Жуықта қалта ұрлығы орын алды. Жедел мәліметті қабылдап, дереу мекен-жайға бардық. Бір әйел адам аялдамада автобус күтіп тұрғанда, бейтаныс тұлға еш сездірместен  курткасының қалтасынан ұялы телефонын суырып алыпты. Күдікті де лезде ізім-ғайым жоғалған. Аймағымдағы барлық инспекторлар жедел іздестіру іс-шараларын қолға алып, күдіктіні өзіміз ұстадық. Ол айыбын мойындады. Қасымдағы әріптестеріммен жұмыла бірлесіп жұмыстанамыз. Олардың әрқайсысының сүбелі үлесі зор,- дейді.

Рафхат полиция қызметіне 2000 жылы кіріскен. Ол алғашқыда мамандандырылған күзет қызметінде 5 жыл, одан әрі Абай полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор лауазымдарын атқарған. Мектеп инспекторы лауазымын 3 жыл атқарғанда мектеп әкімшілігі мен  ата-ана, отбасы мен  бала, осынау бірнеше тараптардың жұмысын ұйыстыра білген.

2010 жылы учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалған. Осыдан бері аймақ тұрғындарымен тиімді байланыс орнатып, түтін түтетіп отырған әр үйдің тұрғындарын, жастарын, бала-шағасы туралы деректерді жатқа біледі.

          Иә, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, олардың мақсаты да, міндеті де, арманы да – қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу. Оған қоса, полицейлер психолог болуы да қажет. Өйткені өмірде бір-біріне ұқсамайтын қанша адам болса, сонша түрлі тағдыр бар.

 – Жұмыс барысында қатал болатын кезде қаталдық танытып, қажет уақытытында кешірімшіл де болуымыз қажет деп есептеймін. Сол себепті қызмет ететін пунктке қарайтын тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен сырлас, дос болуға тырысамын. Ең бірінші кезекте біз адамбыз, одан кейін ғана маманбыз. Бұл жайында Ішкі істер министрлігі  елдегі полицейлердің басты міндеттерінің бірі ретінде ашықтықты, жеделдікті, қолжетімділікті арттыру мен азаматтармен тығыз байланыс жасау қажеттігін атап өткен болатын. Осындай талаптарға сай болсақ, мақсатымыздың орындалғаны, — дейді  шеберлігі шыңдалған полиция майоры.

 Рафхат  осы салада көптеген қылмыстың алдын алу мен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуын жіті қадағалап отырады. Сондықтан оның күнделікті жұмыс күні өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақты шолудан басталады. Оған қоса, есік алдына қоқыстарды тастағандарды, көпшілік орындарда ішімдік ішкендер мен темекі шеккендерді де тәртіпке келтірумен айналысады. Бұл оның 20 жылдан бері атқарып келе жатқан қызметі.

«Аумақта тәртіп сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздгін қамтамасыз ету басты мақсатым» деп білетін полиция майоры  көпшілік арасында нөлдік төзімділік қағидасын қатаң сақталуын жіті қадағалайды.

Қоғамдық орындарда азаматтардың ішкі мәдениетін қалыптастыру мәселесімен айналысады. Яғни кез келген адамның көпшілік жерлерде қарапайым қағидаларды ұстанып, қоршаған ортаны таза ұстауға оны жақсартуға үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ал тазалық- қауіпсіз және таза шаһардың кепілдігі болып саналады. Көпшіліктен осындай қарапайым ережелерді сақтауын сұрайды.

Қоғамның тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторының жұмысы халықпен қарым-қатынас орнату. Қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алдыңғы қатарға қоятын олардың жұмысы көпке үлгі боларлық.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *