Бір шаңырақ астында

1 мамыр – достық пен келісім мерекесі қарсаңында Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Бір шаңырақ астында» достық форумы өтті. Кездесу қонақтары – Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Аветик Амирханян, Қазақстан халқы Ассамблеясының Орал қаласы Достық үйінің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, NIS мұғалімдері, оқушылары мен ата-аналары елдің бірлігі патриотизммен, өз жеріне деген сүйіспеншілікпен және жалпы құндылықтармен нығаятыны туралы айтты.

– 1 мамыр еліміздің сан түрлі мәдениеті мен  рухани дәстүрлерінің байлығын паш ететін мерекесіне айналды. Біздің NIS атты үлкен шаңырағымызда да  әрқайсысы бірегей қазақ, өзбек, орыс, украин, неміс, кәріс, татар, башқұрт  пен армян ұлты өкілдері бар, –деді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев құттықтау сөзінде.

Аветик Амирханян ұлтаралық татулықты, өзара түсіністік пен құрмет сезімін сақтау адамзат үшін ең қымбат қазына екенін баса айтты.  Жарастық пен келісім болған жерде өрлеу, өркендеу болады, әр азамат елдің дамуына үлесін қосып бағады.

Шара барысында мектеп оқушылары Роман Павлов Қадыр Мырза Әлидің «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңін мәнерлеп оқыса, Владислав Запрометов қазақ халқының бекзат мінезін көрсететін қазақ биін ұсынды. Биология пәнінің мұғалімі Оксана Панина орыс пен қазақ халқы тұрмысындағы ұқсас ерекшеліктерді айтып берді. Ал 8-сынып оқушысы Ангелина Крачкова адамның басты байлығы достық деп санайды. Ол сүйікті жазушысы,  ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің жолдастық, бірлік туралы әңгімелерін бөлісті.

Сондай-ақ «Қоғамдық келісім»  мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанова,  БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов, татар ұлты бірлестігінің төрайымы Флюра Милекеева жалпыадамзаттық құндылықтар, тұрақтылық пен келісім қағидаттары туралы ойларын ортаға салды. Кездесу соңында қатысушылар баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстанның өркендеуін тіледі.

Оралдағы НЗМ-нің баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *