Спорттағы үздіктер анықталды

Бүгін Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында «Жыл қорытындысы – 2019» үздіктерді марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева елеулі жетістіктерді ел қоржынына салған спортшылар есімін атап өтіп, жиналғандар назарына жылдың қорытынды есебін ұсынды.

Биылғы жылдың басты жетістігі – республикалық деңгейдегі спартакиадада он бірінші орынға табан тіредік. Спортшыларымыз 21 алтын, 20 күміс медаль иеленіп, өңіріміздің спорт саласының алға ілгерілеуіне зор үлес қосты. Сондай-ақ бұл жылы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты қолданысқа берілді. 240 балаға арналған білім ошағынан әлемдік деңгейдегі спортшылар шығатынына сеніміміз мол. Сонымен қатар, Жаңақала мен Жәнібек аудандарында дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Аталмыш спорт кешендері келесі жылы  аяқталып, ел иігіліне беріледі. Ал 2020-2021 жылдары дәл осындай нысандар  Ақжайық, Қазталов, Шыңғырлау, Тасқала аудандарында бой көтермек, – деді Әсия Рахымқызы.

2019 жылы облыс спортшылары әлем, Азия, Қазақстан Республикасының чемпионаты және халықаралық турнирлер мен байрақты бәсекелерде топ жарып, 762 медаль иеленген. Елбасының бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау арқылы  дені сау ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында 179 195 мың адамның қатысуымен 3993 спорттық шара ұйымдастырылыпты. Жыл қорытындысы бойынша өңірімізде спортты тұрақты қолданушылар саны 31,2 пайызға жеткен.

Кеште жыл қорытындысы бойынша спорт саласында биік белестерді бағындырып, жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізген өңіріміздің спортшылары, жаттықтырушылар мен спорт жанашырлары марапатталды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің марапатына Орал қаласы мәслихатының депутаты, «ОралТранс» ЖШС директоры Тұрарбек Тілемісов, «Меркурий Retail» ЖШС-ның Орал қалалық филиалының басшысы Исламбек Уахасов, «Республикалық ұлттық киокушинкай-кан каратэ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің БҚОФ атқарушы директоры Солонго Исхан ие болды.

Спорт саласында «Үздік коммерциалық жоба» номинациясына «Football kids Uralsk» жеке футбол мектебі лайық деп танылды. Ал «Үздік қоғамдық қозғалыс» бағамын «Uralsk Runners» жүгірушілер командасы иеленсе, «Үздік әуесқой команда» аталымын Жәнібек ауданының футзал тобы жеңіп алды.

Паратхэквондодан V Пара Азия чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионатының жеңімпазы Мәлік Мұқашев «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымының жүлдесіне қол жеткізді. Қол күресінен жасөсіпірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы Ержан Ерболат 2019 жылдың «Жаңа жұлдызы» атанды. Сондай-ақ «Үздік бапкер» бағамы жеңімпазы болып самбодан жастар арасындағы 2019 жылғы әлем чемпионатының алтын медаль иегері Ерасыл Бақытты дайындағаны үшін жастар мен жасөспірімдер арасындағы БҚО-ның аға жаттықтырушысы Бірлес Есенғалиевқа берілді. «Жылдың үздік спортшысы» номинациясы Георгий Шейкоға бұйырды. Ол – спорттық жүрістен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, елімізден бірінші болып 2020 жылы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиадаға жолдама ұтып алған, халықаралық деңгейдегі спорт шебері. «Үздік спорттық телебағдарлама» аталымына өңірлік «AQJAIYQ» телеарнасының «SPORT TIME» телебағдарламасы ие болып, оның редакторы Тұрар Ғабдірашитұлына жүлде табысталды. Сондай-ақ «Спорттық жарыстардан үздік кадр» номинациясымен «АЛТЫН-АЛМА NEWS» жаңалықтар порталының Александр Брикс марапатталды. Спортшылар мен әртүрлі бұқаралық спорттық шараларға қолдау көрсеткен «Батыс Арна» ЖШС директоры Серік Қазиев «Спорт жанашыры» аталымына лайық деп танылды.

Қол күресімен айналысқаныма үш жыл уақыт өтті. Алғаш Қаратөбе ауданында мектеп кезінде жаттығып жүрдім. Биыл қол күресінен жасөсіпірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атандым. Мен үшін жылдың басты жетістігі болды. Бапкерім – Нұрқуат Есенжанұлы. Алдағы уақытта өзімді бұдан да жоғары дәрежедегі додалардан көргім келеді, – дейді үздіктер шеруінің «Жаңа жұлдыз» номинациясының иегері Ержан Ерболатұлы.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *